Негізгі мазмұнға өту

Асатов биігі

                                                          АСАТОВ БИІГІ

Өзі өлсе де  өнегесі, тағылымы өлмейтіндей етіп  өмір кешу-адам атауларының бәрінің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Ал осндай  бақыт бұйырған екен, ендеше сол адамға он сегіз мың ғалам Раббысының назарының түскені, «сүйікті құлым» деп нығметіне бөлегені дей беріңіз.

Есімі мен еңбек жолы, жүрек қылын қозғар сырлы өлеңдері  мен азаматтық байламы айнала жұртқа  белгілі  болған аяулы жан Садық Қасымұлы  Асатов- пешенесіне осындай осындай бақ бұйырған жан. Ол тірісінде де Садық Асатов болып жүрді, бақилық болғаннан кейінде  Садық Асатов болып қалды.

Садық Асатов 1933 жылы ұлытау ауданы кішітау  баурайындағы Сәдір ата мекенінде, бұрынғы «Большевик» колхозы, қазіргі  «Амангелді»  елді  мекенінде туған. Ұлытаудың жалғасы саналатын Серік тауы. Шығырлы өзенінің бойындағы  төрт босағаның бірі Шегір бидің ата-мекені, колхоз орталығы болған боздақ, ақтас кенті. Кенесары ханның тұрағы болған дейтін Хантөбе, одан арғы Қуаңбай, Керегетас, қара шаңырақ Қарсақбай-бәрі Садық аға туған жермен жапсарлас жатқан қасиетті мекендер. Бәрі де  Садық ағаның, Садық азаматтың, садық қайраткердің өсіп-өнген кепиеті күшті топырағы.

Шыр еткен шарананың қызыл иегінен қылтиып шыққан тістерін көрген үлкендер оны  жақсылықтың белгісі деп жорыған екен. Ел үміті ақталды.

Қарсақбайда мектеп табалдырығынан аттап,Жезқазған поселкісіне орта мектепті  тамамдады. 1956 жылы Қазақ  тау-кен металлургия институтын (Қаз ГМИ) үздік бітіріп, Жезқазғандағы №51 шахтада ауысым шебері, участке бастығы, №44 шахта директоры,Оңтүстік Жезқазған кенішінде бас инженер. Солтүстік Жезқазған, Батыс Жезқазған кеніштерінде директор болып абройлы қызмет атқарды. 1975 жылы жаңадан ашылған. Одақ бойынша екпінді  құрылыс саналған. Жәйрем кенішінің директоры, 1976 жылдың Жәйрем тау-кен металлургия комбинатының директоры болып өмірінің соңына дейін қызмет атқарды.

Еңбектегі ерлігін елеп ескерген Үкімет оның өңіріне «Октябрь Революциясы», «Еңбек қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерін тақты. Бірнеше медальдармен және КСРО Түсті металлургия министрлігінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі  Президумының грамоталарымен марапатталды. СОКП ХХVI съезінің делегаты, жергілікті кеңестердің депутаты болып сайланды. «Сәтбаев қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Қазір Жәйрем кентіндегі  және Сәтбаев қаласындағы көшелердің бірі  Садық Асатов есімімен аталады.

Садық Асатов білікті басшы болумен қатар, жан жүрегі нұрлы сырға толы талантты ақын еді. Оның жүрегін жарып шыққан жауһар жырлары  топтастырылып «Асатов әлемі», «Құштарлық», «Сәлемде кішітаудың Серегіне» деген атпен бірнеше кітабы жарық көрді. Биыл ардақты ағамыздың туғанына 85 жыл толды. Төменде Садық ағаның өмір жолын етене жақсы білетін ақын, қайраткер Кәкімбек Салықовтың естелігі мен ақынның бір топ өлеңдерін жариялап отырмыз.

 

                                   

                                         САРҚЫЛМАС БҰЛАҚ

Садық Қасымұлы Асатов Жезқазғанда  буыны бекіп,кеншілік өнері жетіліп, жақсы атағы кең тараған жаны жомарт, қолы берік, жолы сәтті азамат еді. Өмір жолын ол №51 шахтада бастады, сол кезде мен №1 учаскінің бастығы едім. Садықты шахта басшылары осы учаскіге кен шебері етіп жіберді. Ең алғашқы сол  танысқан беттен етене  бауыр басып, ағалы-інілі туыстардай сыйлас болып өттік. Біздің достық-достықтан биік, туыстықтан жақын еді.

Керзі етікке шаңы майдай жабысатын «Жезқазған-Рудник» деп аталатын қалашықты  талай  жыл бірге тұрдық. Дәм тұзымыз, дастарханымыз жалғасып, қызықты да  қиындықты да  бірге кештік. Садықтың студент кезінде Фарида деген қызға көңіл білдіргеннің өзі  әзіл ретінде жыр қылып айтқанда күлкіге қарқ болатынбыз. Өз басым Садықпен әзіл, сқаққа ешқашан бармағандықтан ұлым Ерланға «Садықтың Фаридаға шығарған өлеңі» деп

өзім шығарып, үйрететінмін. Жас бала оны балдырлап-шүлдірлеп жаңа шыққан тілімен айтып беретін. Кейін ол шағын әзілді Садық өзі  дамытып әкететін. Ал, қойын дәптері өлеңге толы екенін, өмірдің қай  кездерінде қағазға түсіре беретінін білмеуші едім.

Садық Жәйремді басқарушы қызметке  жіберілгенде, мен Жезқазған облыстық  партия комитетінің екінші хатшылық қызметінде едім және  менің мойныма жүктелген істің үлкені өндіріс болатын. Содан кейін мен Мәскеуге партия Орталық Комитетіне инспекторлық жұмысқа алынып, ұзақ жылдар алшақ жүрдім. Депутат ретінде  сайлаушылармен ұшырасу сапарымда Қаражал  қаласына келгенде Садықтың үйінде болып,  өзін сағынып қалғандықтан қасыма ертіп жүрдім. Сол кездесулер Мәскеуге ол партия съезіне  делегат болған сәттермен жалғасты. Мен Қарақалпақстанға қызметке аттанғандықтан кейін кездесулер, әрине тоқтап қалды. Садық қатал тағдырдың талай тауқыметіне кездесті, ақыры аяусыз ажал арамыздан жасын алпысқа  жеткізбей  алып кетті.

Жәйремді салудың алғашқы  күндеріненқатынасым болғандықтан Садықтың қызметіне тілеулестік білдіруім кем болған жоқ. Ол да тілекке сай Жәйремді дүбірлетті, сан сайыста республикалық,Одақтық дәрежелерде алда жүрді.Жанын қинаған ауыр сырқат, тотолитарлық жүйенің  кейбір әумесерлерінің адам кешірмес қылығы  оны қатты  тебірентті. Өмірдің санаулы сағаттары қалғанын біліп жүріп, ескі дәптерлерде жатқан ана сүтімен сіңген ақындық өнерін Сәкең  шұғыл дамытты. Ақыры соңына тамаша мұра қалдырды.Оқушы қауым С.Асатовтың өлеңдерін республикалық, облыстық, қалалық газет, журналдарда кездестіріп жылы ниетпен, нұрлы  сүйіспеншілік пен    қарсы алды. Өз басым Садықтың өлмес ізі  тәрізді. Жәйреміне қоса, жан тебірентер  лирикасын қалдырғанына қатты қуанамын. Өйткені, Садықтың өлеңдерін- алтын қорымызға  қосылатын шынайы сезімнің, озық ақылдың келісіті  де жемісі.

Сенен қашан сыр жасырдым,

Бір шаттығың кем болар.

Қызығына бір ғасырдың,

Минутымыз тең болар,- дейді ақын Садық.

Бұл тамаша табыс. Төрт жолды өлеңде  дүниенің төрткүл төңірегін толтырған махаббатың ұшқыны,жан серігі Раузаға деген сыйластық белгісі мөлдіреп тұр. Бұл жолдардың  маңызы да, сапасы да өте биік. «Сыр жасырсам, бір шаттығың кем болар» деуі- терең мағыналы үлкен ой, қимас сезімнің әрі үзік,әрі нәзік көрінісі. Бір де бір шаттығыңды кемітпеймін деп азаматтық, адал серіктік, махаббатқа беріктік үлгісін көрсетіп тұр.

Ақындық жаңалығы да баршылық.

Есіңде ме? Сүйген сәулем,

Сыр ашқан шоқ, тал белес.

Содан бергі барша дәурен,

Қанағат берер қалды елес,- десе,бұл жәй ғана лирикалық толғаныс емес, ол-жан-жарына ақтық ризашылығын,  мәңгі бақылдығын білдірген, өте нәзік айтылған, ақындық өресі биік өлеңмен келген жан сыры. «Сыр ашқан шоқ, тал белес» дегені қазақи тілмен әдемі айтылған. Бұл  жолдардан Жыланшықтың жағасындағы белестер, күрке талдар көз алдымызға  елестей қалады. Садықтың тілі де де-нағыз таза, нәркез қазақ тілі.

Желпіп тұрған самалы.

Келіншектің деміндей.

Жел тұрғанда бұтақтар.

Иіледі келіндей,-деген шумақ ата-баба дәстүрімен табиғат ғаламатын етене біріктіріп  ұштастырып тұр. Бұл-поэзияның терең сезімге,үлкен ойға, халықтық дәстүрге оранған салауатты,озық түрі. Тереңдік болмаса еркіндік, еркіндік жоқ. Ал, осы  сипаттас үлкен, кіші ақынға үлгі  боларлық  шықтай таза,сүттей аппақ, аққу құстай сезімталдық толы өлеңдер Садықтың ақындық дәрежесінің биіктігін дәлелдейді.

Берші маған найзағай, жасыныңды,

Отқа үйретіп кетейін жас ұлымды.

Берші маған тау  мен тас,салмағыңды,

Басыптұрсың келгендей ашуымды.

Қандай керемет айтылған ?! Бұл дегеніміз азаматтық биік мақсат емес пе ? Ұлды үйрету-ұрпаққа сабақ. Салмақты болып келген ашуды баса білу-кісіліктің белгісі. Тек осы шумақтың ғана фәлсапалық маңызын кең талқыласақ, талай- талай  ойға түйісер едік. Оның өлеңдерін оқыған оқушы Садықпен бірге қуанатыны ,бірге қиналатыны күмәнсіз. Ең бастысы, өзіндік ашық сезімі, ұшқыр ойы һәм үлкен азаматтық өрісі бар тамаша ақынмен қауышып отырғанын сезініп, оның жырларынан өмірге құштарлықты, қайсарлықты үйрететіні даусыз. Садық Асатов кен өндірісінде айшықты қолтаңбасын қалдырды. Мұны да халық жақсы біледі. Мен оның ақындығына көбірек тоқталдым. Садықтың  жырлары сарқылмас  бұлақ тәрізді әлі  сандаған  буынның рухани азығына айнала бермек. 

 

 

ТАУ ҰЛЫМЫН

Уа, туған жер

Уа, туған жер, жаннан ыстық мекенім!

Бабамдардай мен де тастап кетермін.

Кішітауым, тай үйретіп ат мінген.

Сені жырлап көз жұмғанша өтермін.

Уа,туған жер, қызғалдақтай мәпелеп.

Тағдыр жүгін арттың маған жекелеп.

Шалқар дария,Алатаудай шамшырақ-

Армандарым жетсем деген төтелеп.

Уа,туған жер, өзегімді талдырдың.

Құсына ұқсап ұшып жүрмін тағдырдың.

Абзал ұлың жасады ма әбестік.

Құм ішінде неге жалғыз қалдырдың?

Уа туған жер,қасиетіңнен айналдым.

Сені ойласам көңіліме қайғы алдым.

Елде жүрсем, Садығы едім Қасымның.

Құмға келіп, директор боп, жай қалдым.

  Уа, туған жер, өзіңді армандаймын,

Құм ішінде қамалып қалғандаймын.

Еш пендеден жылулық таппай жүрген.

Сыртым бүтін, ішім мұң сор маңдаймын.

Уа, туған жер бір жұтсам самалыңды.

Болар едім бұзғандай  қамалыңды.

Топырағың бір уыс бұйырмай ма?

Көз жұмғанда жасырар жанарымды.

   

 

КІШІТАУ КӨРІНІСІ

Бозбалаға арудай сырын ашқан.

Ақ қайың мен қарағай сыбырласқан.

Аспандағы күн сүйсініп қарап тұрса.

Түн келсе, жұлдыз біткен жымыңдасқан.

Ақ қайыңдар иіліп жас келіндей,

Бұтақтары майысып қыз беліндей.

Ақша қарлы сабалап қытықтайды.

Боран сыңсып жылайды аш  бөрідей.

Ақ жаулықпен жоталар оймақталған.

Асыр салып бөбектер ойнақ салған.

Қар жыласа күн өтіп  тамағынан,

Асыл далам кілемдей жайнап қалған.

 

ТАУ ҰЛЫМЫН

(Өзім)

Шыңда өсіп, күзде туған тау ұлымын.

Досқа-ық.дұшпаныңмын дауылымын.

Мол кенің Жаңарқаның қаза келдім.

Арқалап аманатын ауылымның.

Дауылын зор еңбектің сағынамын.

Жеріңнен қажет деген табыламын.

Отаным сенің маған: «Көтер!»-дейді.

Жәйремнің жаңа құрған шаңырағын.

Жарыста оза шаптым ілестірмей.

Қалғам жоқ. Отанымнан үлес  тимей.

Дүбірін еңбегімнің кім бағалар.

Жылуын жүрегімнің үлестірмей?.

Осы мен жасықпын ба, жалынмын ба?

Кездеген қамалдарым, алындың ба ?

Жоқ болса, несіне өмір сүріп жүрмін.

Бұтасыз, бұйра толқын, қолың құмда.

Жүргенмен Сарыарқаның өңірінде.

Кішітау –ой түбінде, көңілімде.

Ат жалын тартып мінген.Атамекен.

Мен саған борыштымын өмірімде.

 

 АРМАН

Өмірдің көрдім ыстық-суығын да.

Тақады аттанар күн тынығуға.

Өмірден кеткеніме  өкінбеймін.

Көзіңнің қалса бейнем тұнығында.

Қол жетпес кейде өмірім ай секілді..

Кейде өмір құлазыған сай секілді.

Кей кезде жанып тұрған отқа ұқсайды.

Жарқ еткен аспан-көкте жай секілді.

Білмеймін, сағыныш па, құсамын ба?!

Жүрегім жүрегіңнің тұсауында.

Төсіңнің жұпар иісін бір-ақ жұтып.

Арман жоқ өліп кетсем құшағыңда.

 

ӨМІР-ӨЗЕН

Бұл жалғанның қызығын  түсінбеймін.

Өмір елес бір көрген түсім деймін.

Көрген қайғы-қасірет, қуанышты.

Ақ қағаздың бетіне мүсіндеймін.

Қайран жүрек, несіне уланасың.

Тірі жүріп тынымсыз тулағансың.

Сен де тоқтап мәңгілік тынығарсың.

Өлмейтұғын пенде боп тумаған соң.

Тәтті қиял бойымды билеп алып,

Жыртығыңды жамайтын инені алып.

Ойлағанда келешек кезеңдерің,

Отырман жағдайсыз күйге қалып.

Шіркін көңіл, асқақтап бұлаңдайсың.

Арпалыспай, алыспай жүре алмайсың.

Тартыстарда көкпарды қолдан берсең.

Арманыңның шаңына шыға  алмайсың.

 

ҮШ АРМАН

Дүниеден сұрасаң бір арманым,

Күмбірлеп домбыра қолға алмадым.

Екінші бір арманым, өкінішім-

Арапшаны үйренбей құр қалғаным.

Шет тіліне жасымда мән бермедім.

«Шөйне медхен айн кюс»-бар білгенім.

Күнгірт күндер, күйзеліс болғанымен.

Осы үшеуі ең мықты қайғым менің.

Тұлпар көңіл тұяғың жұқарды ма,

Ащыны да иіскеп ем, жұпарды да.

Қайран өмір білтедей сөнгелі тұр.

Найзағайдай от шашып тұтанды да.

 

        ТОҚТА ЖҮРЕК

Тоқта жүрек, болмайды тулағанның !

Тулағаның-қайғымды тырнағаның.

Бұлқынасың, іздейсің, елжірейсің.

Еркелетіп қасында тұрма жаным?

Тоқта, жүрек! Бейсауат дүрсілдеме,

Ақботамсыз кеудемде тұрсын неге?

Жалыныңа өртеші, мені аясаң,

Ақ сәулемді сағынып, күрсінгенде.

Тоқта,жүрек! Орынсыз дірілдеме,

Көз көрмеске аттанды құлын дене.

Келер ме екен ақ сәулем қайта айналып.

Қасіреттен малшындап күміс терге.

Арманыма тезірек жалғамасаң.

Тамырыңды үземін ұрып жерге!

Тоқта жүрек! Тыпыршып соқпа, жүрек!

Арманымнан басқа жоқ менде тілек.

Мекеніме мәңгілік аяндайын.

Отырғанша қайғымен босқа жүдеп.

 

      БЕРШІ МАҒАН

Берші маған табиғат биігіңді,

Тұғырына жастарды көтерейін.

Берші маған, Ай мен Күн, жарығыңды

Қараңғыда сұлуды жетелейін.

Берші маған, найзағай, жасыныңды.

Отқа үйретіп кетейін жас ұлымды.

Берші маған, тау мен тас салмағыңды.

Басып тұрып келгенде ашуымды.

Берші маған мұхиттың дауылдарын,

Көрсетейін жүрек пен бауыр барын.

Босағаңа әкеліп ойнатайын.

Ойда жүзген арманның сағымдарын.

Берсе маған жел мен күн өктемдігін

Сабасынан тасыр ед көктем бүгін.

Кеме жүзген дариядай ізсіз қалар

Бедері жоқ тақтайдай өткен күнің.

Берші маған, сандуғаш, өнеріңді.

Құлақтардың құрышын қандырайын.

Берші маған ғұмыр мен саулығыңды

Жәйремде де  ізімді  қалдырайын.

 

                     ҚОС АҚҚУ

Қос аққу-айдың көлдің әупілдегі,

Неғылдық сұлу еді, тартымды еді!

Ойнаса сусылдатып қанаттарын,

Ескендей Сарыарқаның салқын  лебі.

Қос аққу кер марал ма өрістігі !

Әліде бір хор қызыма пейіштегі.

Солқылдақ тал шыбықтай сұлу бейне,

Әкелер көз алдына періштені.

Қос аққу ән тербеткен көл бетінде,

Жылжыған тербетіліп су бетінде.

Жаралған сұлулықтың сиқырынан.

Келеді қарай бетін келбетіне!

Арқаның самал желі ескенінде.

Жастықтың еске түсер кештерін де.

Құлазып арман қалар сағымданың.

Қос аққу  жылы жаққа көшкенінде.

 

ҚҰЛАГЕР БОЛЫП ҚҰЛАЙЫН

Терлейтін жерде терледім,

Өрлейтін жерде өрледім.

ерлейтін жерде ерледім,

Өмір деген дауылмен

Айқасып жүріп білмедім.

Елудің қалай келгенін !

Қадірсіз өткен күндердең,

Қабірсіз қалған ылайым.

Мәстектей митың желгенше,

Құлагер болып құлайын.

Тобықтан қисаң, тоғышар,

Толқын болып жуайын.

Електен тартсаң төбет боп,

Дауыл болып қуайын.

Өмір сүрдім демеңдер!

Өзенің өрге ақпаса.

Дастарханның жаюлы,

Достарың келіп жатпаса.

Азамат сөзі дәрменсіз,

Көпіріп сөйлеп даттаса,

Адасар жігіт өмірден,

Жүректің шамын жақпаса.