Негізгі мазмұнға өту
Жаңалықтар
2026 ж. 17 қараша

ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігі ұлттық қолөнермен біте қайнасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ата-бабамыз күнделікті тұрмыста пайдаланған әрбір бұйымға ерекше мән беріп, қарапайым дүниенің өзінен өнер мен әсемдіктің үйлесімін таба білген. Әсіресе, мал шаруашылығымен тығыз байланысты көшпелі өмір салтында жүннен жасалатын бұйымдардың орны айрықша болды. Осы бір баға жетпес мұраны бүгінгі ұрпаққа таныстырып, ұлттық өнердің қадір-қасиетін дәріптеу мақсатында Сәтбаев қаласының балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Асыл мұра» үйірмесі ашылды.

Үйірменің басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ата-баба дәстүріне деген құрметін арттыру. Үйірме аясында балалар халқымыздың әдет-ғұрпы, жөн-жоралғылары, ұлттық ойындары мен қолөнері туралы мағлұмат алып қана қоймай, адамгершілікке, ізеттілікке, үлкенді сыйлауға және еңбекқорлыққа тәрбиеленеді. Сонымен қатар ұлттық өнерге баулу арқылы олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, эстетикалық талғамы мен шеберлігін шыңдауға басымдық беріледі.
Үйірме жұмысының алғашқы шеберлік сыныбы барысында қатысушылар қазақ халқының дәстүрлі қолөнер түрлерімен, оның ішінде жүннен жасалатын бұйымдармен және оларды әзірлеуге қажетті құрал-жабдықтармен танысты. Кездесу аясында сырмақ, ұршық, жүннен жасалған түрлі тұрмыстық бұйымдар қойылған көрме ұйымдастырылып, ұлттық қолөнердің бай тарихы мен өзіндік ерекшеліктері кеңінен насихатталды.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – ұлттық қолөнердің қыр-сырын жетік меңгерген шебермен жүздесу болды. Шараға Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы көрме залының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, республикалық «Аламан құрақ» жобасының мүшесі, халықаралық «Ұршық» жобасының Сәтбаев қаласы бойынша жетекшісі Гүлсара Жиеналиева арнайы шақырылды. Гүлсара Қоңырбайқызы қатысушыларға қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарының жасалу ерекшеліктері, олардың тұрмыстағы қолданылуы мен мәдени-танымдық маңызы туралы кеңінен әңгімеледі. Әсіресе, жүннен бұйым жасау технологиясына, ұршық иіру өнеріне, сырмақ пен басқа да ұлттық дүниелердің жасалу жолдарына тоқталды.