3 себебін білу және 1 кітапты ұсыну.
Мақсаты: Кітап оқуды насихаттау. Қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру әсіресе жастар арасында. Әлемдік және ұлттық классиканы таныту: Қазақ және шетел әдебиетінің ең үздік 100 туындысын көпшілікке ұсыну.
Шараға Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі А. С. Абылай келді. Кітапханашының «Неге оқу керек?», 3 себебі, және оқыған кітабыңызды ұсыңыз деген сұрағына ол кісінің жауабы: Оқу –адамның рухани, зияткерлік дамуының негізгі кілті. Ол тек ақпарат беріп қоймай адамды ойлануға, сезінуге, дамуға жетелейді.
Оқудың үш себебі: 1.Білім мен дүниетанымды кеңейтеді. Кітап оқу арқылы біз түрлі тарихи кезеңдермен, мәдениеттермен, ойшылдармен танысамыз. Бұл біздің өмірге деген көзқарасымызды тереңдетеді. 2. Сөйлеу мәдениетін және сөздік қорды дамытады. Кітап оқитын адам өз ойын нақты, жүйелі жеткізе алады. Әсіресе көркем әдебиет тіл байлығын арттырады. 3.Сын тұрғысынан ойлау қабілетін қалыптастырады. Әр түрлі кейіпкерлердің әрекетін саралау, оқиғаларға баға беру арқылы адам өз ойлау дағдыларын жетілдіреді.
Ұсынылатын кітап: Мұхтар Әуезов –«Абай жолы» Бұл роман – қазақ әдебиетінің інжу- маржаны. Ол тек Абайдың өмірі емес, қазақ халқының тарихы мен тұрмыс-тіршілігі, рухани байлығы жайлы терең мағлұмат береді. Оқыған адам өз үлтының болмысын таниды.







